Алматыда студенттік «Бастау» кинофестивалі өтеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 29 қараша мен 3 желтоқсан аралығында Алматыда «Бастау» X халықаралық студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None

Фестивальді Tanaris Production кинокомпаниясы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырады. Фестивальдің серіктестері – Мәдениет және спорт министрлігі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Тұран» университетінің Turan Film Academy жоғары мектебі және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Бұл шара әлем елдерінің жас кинематографистері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды, олардың жұмысын қолдауды және ілгерілетуді мақсат етеді.

Фестиваль президенті Сергей Әзімов атап өткендей, «Бастау» жас режиссерлер мен сценаристерге өз жобаларын жүзеге асыру үшін бірегей алаң ұсынады. Он жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп келе жатыр.

«Біз үшін басты идея, негізгі тұжырымдама мынандай болды: бәріміз - ұйымдастырушылар, басшылар - ең жоғары кәсіби қызмет көрсетуші персонал болуымыз керек. Біз осы оқиғаның басты кейіпкерлері – авторлар, режиссерлер, операторлар, драматургтер, жас актерлер айналасында құрылған инфрақұрылымды жасаймыз. Мұның бәрі жастар үшін. Біз оларға осыны сезіндіруіміз керек», - дейді ол.

Биыл фестиваль режиссер Яна Скопинаның «Скоро кончится лето» атты фильмінің қазақстандық премьерасымен ашылады. Бұл - оның толықметражды дебюті. Яна - «Бастау» түлегі, оның алғашқы жұмысы - «Ты что-то прячешь в кулаке» атты қысқаметражды фильмі V «Бастау» байқауында үздік деп танылған. 2015 жылы жүлдені жеңіп алғанда ол сахнада үлкен картинамен осында оралуға уәде берген. Оның киносының сюжеті 1990 жылы көпұлтты ауладағы оқиғаларға негізделген. Басты кейіпкер - Баха есімді жас жігіт өзін табуға тырысады және поляк қызына ғашық болады...

Фестивальдің ашылуы 29 қарашада Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Жабылуы - Chaplin Cinemas кинотеатрында.


Соңғы жаңалықтар