Алматыда "Студенттік көктем - 2010" фестивалінің жеңімпаздары марапатталды
АЛМАТЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Алматыда әл -Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Студенттер сарайында жыл сайынғы "Студенттік көктем - 2010" фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шара - оқу орнының ең көлемді шығармашылық жобасы. Оған Университеттің барлық факультеттері мен колледж студенттері қатысты. Биылғы фестиваль Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналды. Көркем өнерпаздардың өнерін саралап қарау ағымдағы жылдың ақпан айында жеке шығармашылық байқау ретінде басталған болатын. Соның нәтижесінде 28 аталымның жеңімпазы анықталды. Оның ішінде «Ең үздік жүргізуші», «Ең үздік әдеби-музыкалық комедия», «Бүгінгі заманғы би», «Ең үздік патриоттық ән», «Вокалды-аспаптық ансамбль» және тағы да басқа аталымдар бар. Аталымдар бойынша жеңімпаздардың барлығына естелік дипломдар табысталды.
Фестивалдің бас жүлдесі мен 100 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты және ҚазҰУ ректорының Құрмет грамотасын оқу орнының колледж студенттері жеңіп алды. Екінші орынды және ақшалай сыйлықты экономика және бизнес факультеті мен биология факультеті алса, үшінші орынды және ақшалай сыйлықты география факультетінің студенттері еншіледі.
"Биылғы фестиваль Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналғанымен де ерекше болып отыр. Студенттер әскери қойылымдарды көрсете отырып, еліміздің тарихын, аталарымыз бен әкелеріміздің ерлігін жақсы білетіндіктерін дәлелдеді. Біздің колледждің оқушылары әлі толыққанды студент болмаса да, өздерінің шығармашылық қабілеттерін жоғарғы деңгейде көрсете білді. Біздің қажырлы еңбегіміз бен ынтымағымыз және фестивалдің жақсы ұйымдастырылуы бізді жеңіске әкелді", деді ҚазҰУ-нің колледж директоры Бейбітгүл Кәрімова.
"Студенттік көктем - 2010" фестивалі жеңімпаздардың гала-концертімен аяқталды.