Алматыда студенттік жатақханалар құрылысының жобалық офисі ашылды
Шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, бүгінгі күні жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін елімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
«Жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін шешу үшін елімізде бүгінгі күні жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Соның бірі - Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан секілді үлкен қалаларда студенттік жатақханалар құрылысының жобалық офистері ашылып жатыр. Бұл жобалық офистер тәулік бойы жұмыс істейді. Онда мердігер компаниялар, жоғары оқу орындары жатақхана салудағы мәселерді шешетін болады. Бүгінгі жиында Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті екі үлкен жатақхана салу бойынша инвесторлармен келісімшарт жасасты. Бұл Сәтпаев университетінің жатақханадағы орын тапшылығы мәселесін 50-60% жабуға көмектеседі»,- деді Нұрбек Саясат.
Оның айтуынша келесі жылы Қонаев қаласында арнайы академиялық қалашық ашылады.
«Президент тапсырмасымен келесі жылы Қонаев қаласында арнайы академиялық қалашық ашылады. Ол үшін арнайы 100 га жер бөлінді. Бұл мәселе бойынша қазір Алматы облысы әкімдігімен бірлесе жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ол академиялық қалашыққа еліміздің ЖОО-лары зертханаларын, факультеттерін көшіре алады. Академиялық қалашық 2024 жылы ашылады»,- деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Шара барысында студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысты одан әрі жақсарту бойынша Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Айта кетейік, Алматыда ашылған студенттік жатақханалар құрылысының жобалық офисі жергілікті атқарушы органдарға, жоғары оқу орындары мен инвесторларға студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді жедел және жүйелі шешу үшін алаң ұсынады.
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жобалық офистің негізгі функциялары:
- жатақханалардағы студенттік орындардың тапшылығын шешу бойынша жоғары оқу орындарымен және инвесторлармен өзара әрекеттесу;
- құрылысқа жәрдем көрсету мәселелері бойынша Алматы қаласының жер қатынастары, қалалық жоспарлау және урбанистика, қала құрылысын бақылау басқармаларымен өзара әрекеттесу;
- жоғары оқу орындары мен әлеуетті инвесторлар үшін заңгерлік, консультациялық, сараптамалық және басқа да қызметтер көрсету.
«Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы студенттік жатақханалардағы жалпы төсек-орын тапшылығы – 32 мыңды құрайды. Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы шеңберінде 12 мың төсек-орынға, ал 2030 жылға дейін тағы 20 мың орынға жатақхана салу жоспарлануда»,- делінеді әкімдік хабарламасында.
Жобалық офис Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 22 мекенжайында орналасқан.