Алматыда су добынан дәстүрлі халықаралық турнир өтіп жатыр
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда су добынан Қазақстан мен КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Крюковты еске түсіруге арналған ІІ Халықаралық турнирдің ақтық ойындары өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қыркүйектің 26-сы күні жалауын көтерген бұл дүбірлі додаға жарыс қожайындарынан басқа, Кувейт, Өзбекстан және Сингапур құрамалары қатысуда. Алдағы жылдан бастап FINA-ның жарыстар күнтізбесіне енгелі отырған бұл жарыстың жеңімпазы бүгін белгілі болады. 2006 жылы өткен алғашқы турнирде Асқар Оразалинов жаттықтыратын ел құрамасы ақтық сында Иран спортшыларынан (12:11) басым түсіп кубок иегері атанған еді. Құрамында Асқар Оразалинов өнер көрсететін су добы ардагерлерінің "Астана" клубы биыл үшінші орынға ие болды. Енді Сергей Дроздовтан тәлім алған ел құрамасы бүгін Александр Крюков кубогын екінші мәрте жеңіп алу үшін өзбекстандық құрдастарымен күш сынасады.