12:24, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматыда су тасқынынан зардап шеккендерге үй салынады
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат - Алматыда қала басшылығы мен Алатау ауданы әкімдігінің өкілдері қатты нөсер жауынның салдарынан зардап шеккен «Шаңырақ -1» мен «Шаңырақ-2» ықшамаудандарындағы тұрғындармен кездесу өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Ауданда су деңгейін түсіру жұмысы жалғасуда. Алматы қаласы әкімінің қорынан бөлінген 60 миллион теңге жалпы ұзындығы 3600 метр болатын арна тартуға жұмсалады. Бұл жоғарыда аталған екі ықшамауданда жиналған судың Үлкен Алматы арнасына құйылуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бөгет нығайтылып, тоспа салынады. Арна құрылысын салу жұмыстары мен жерді құрғату шаралары бір-екі күнде аяқталады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов төтенше апаттан зардап шеккендер үшін «Шаңырак-5» ықшамауданында жаңадан үйлер салынатынын хабарлады. Жаңа үйлерді салу, оларға коммуникация тарту, жолдар салу үшін қала бюджетінің резервтік қорынан тағы да қосымша қаржы бөлінеді. Күні ертең-ақ мұнда жерді өлшеу, құрылысты жүргізуге қажетті шаралар жүре бастайды. Ал мамырдың 30-ында әрқайсысы 6 сотық 60 учаскеде жаңа үйлердің құрылысы басталады.
Әкімнің орынбасары айтқандай, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес салынатын үйлердің ең кіші көлемі - 25 шаршы метр. Алатау ауданының тұрғындары үшін жасалған бұл жоба болашақта олардың үйлерін кеңейтіп алуларына мүмкіндік береді. Бұл учаскелер заңдастырылады, салынатын үйлер нормаға сәйкес және жер сілкінісіне төтеп беретін болады. Аталған ықшамаудандағы құрылыстың аяқталу мерзімі ? 1,5 ай. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша әлеуметтік көмек алу үшін шаңырақтағылар уақытша тіркеуге тұрады. Жергілікті тұрғындармен әңгіме барысында Серік Сейдуманов тегін тұрғын үйдің болмайтындығын ерекше атап көрсетті. Яғни жаңа үйлер иелері болашақта алған қоныстарын біртіндеп сатып алатын болады, оны жүзеге асырудың тиімді жолдары да айтылды. Жер бедері мұқият тексеріліп, әр шаршы метрдің кадастрлық құны анықталысымен түпкілікті баға белгілі болады. Естеріңізге сала кетейік, мамырдың 21-іде нөсер жауынның салдарынан Алатау ауданының «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2» ықшамаудандарында біраз үй су астында қалған болатын. Ауданда төтенше жағдай жарияланып, қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынған еді. Су тасқынын салдарынан 1189 үй жарамсыз болған, оның 161-і - су астында қалып, 40 үй қираған. 130 адам баспанасыз қалды.