Алматыда суға тариф көтерілуі мүмкін
«Қазіргі уақытта тариф саясатын өзгерту қарастырылуда. Яғни, бағасын көтеру. Қолданыстағы тариф желілерді жаңғыртуды қаржыландыруды қамтамасыз ете алмайды. Қолданыстағы тариф жылына диаметріне қарай 25 шақырымға дейін ғана желіні қайта құруға мүмкіндік береді. Негізі 100 шақырымнан астам желіні қайта жаңғырту қажет. Яғни, бұл қаражат тарифте қарастырылуы тиіс. Тарифтер осы жылдың ішінде көтеріледі. Есептеу, тарифті өзгерту бойынша нормативтік-құқықтық базаға өзгертулер енгізу жұмыстары басталды. Мәліметтерді сәл кейінірек жариялаймыз, бұл өте маңызды мәселе», - деп жауап берді спикер жураналистердің сауалына.
Бұдан бөлек, ол Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда Алматыда сумен жабдықтау тарифі ең төменгілердің бірі екенін атап өтті.
«Қазір бір текше метр үшін тарифі 48 теңге +/- бірнеше тиын. Бұл елдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Бұл ретте қалада жеке сумен жабдықтау ұйымдары бар, олардың тарифі 77 теңге, су үшін 160 теңге төлейтіндер бар», - деп атап өтті Ілияс Қазиев.
«Алматы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ресми өкілі Серік Шағыров соңғы 9 жылда тариф көтерілмегенін тілге тиек етті.
«2014 жылы бір текше метрі 65 теңге болса, қазір 48 теңге. Осы уақыт аралығында айтарлықтай төмендегенін байқауға болады. Жалпы, есептегіш құралы бар алматылық отбасы су мен кәрізге орта есеппен 400-500 теңге төлейді. Бұл аз сома. Халыққа үлкен салмақ түспеуі үшін түрлі нұсқалар әзірленуде», - деп қосты ол.