Алматыда супермаркет өртенді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2 ақпанға қараған түні, сағат 00:30-да Алматы қаласының өрт сөндіру қызметіне Түркісіб ауданындағы супермаркеттің өртеніп жатқандығы туралы қоңырау шалынған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің рессми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.
Мемлекеттік өртке қарсы қызмет мамандары келген сәтте бір қабатты дүкеннің жабындысы жанып жатқан. Алдын ала деректерге қарағанда, жалын 200 шаршы метрден астам аумақты шарпыған.
Тілсіз жауды ауыздықтауға елуге жуық өрт сөндіруші мен арнайы техника тартылып, түнгі сағат бірде өрт сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша өрт орнынан 20 адам эвакуацияланып, газ баллоны шығарылған.