Алматыда суретші Анар Әбжанованың жеке көрмесі ашылды
АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат - Кеше Алматы қаласы тарихы мұражайында жас суретші Анар Әбжанованың жеке көрмесі ашылды.
Қала күніне арналған бұл шараға Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Бейнелеу өнері» мамандығы бойынша магистратурада оқып жатқан жас суретшінің еңбектері қойылған. Оның қыл қаламынан шыққан дүниелер Қазақстан, АҚШ, Жапония, Италия, Түркия, Украинадағы жеке және корпоративтік коллекцияларға кірген.
Алматыда өмірге келген Анар кішкентайынан суретші болуды армандаған. Жеті жасында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының көркемсурет колледжіне қабылданған ол оны 2007 жылы, ал 2012 жылы академияның «Бейнелеу өнері, мүсін және дизайн» факультетін қызыл дипломмен бітіріп шығады. Студент кезінде-ақ өнерімен көзіге түскен талантты жас сол жылы Қазақстан суретшілер одағына мүше болып қабылданады. Республикалық, халықаралық деңгейдегі суретшілер көрмелері мен байқауларында бірнеше мәрте жеңімпаз атанған Анардың 2006 жылдан бері еліміздің бірқатар қалаларындағы түрлі галареялар мен қоғамдық орындарында дербес көрмелері өткен болатын. Осы уақытқа дейін бірқатар буклеттері мен каталогтары да жарық көріп үлгерді.