Алматыда сүрілген үйлердің орнына қай аудандарда баспана салынып жатыр
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы Жетісу ауданында инвестормен бірге Скрябина көшесіндегі 52 пәтерлік 6 үй сүрілді. Олардың орнына 2022 жылдың екінші тоқсанында 304 пәтерлік 4 жаңа үй салынды (1-інші және 2-кезең).
Үшінші кезеңнің құрылысы аясында Райымбек даңғылында орналасқан № 265, № 265а үйі бұзылды. Сонымен қатар Крылов көшесіндегі 24 пәтерлік үш апатты үй сүріліп, оның орнында 184 пәтерлік 2 үйдің құрылысы басталды.
Әуезов ауданында Сүлейменов көшесінің бойындағы бірінші кезеңнің құрылысы аясында 5 апатты үй (40 пәтер) бұзылып, оның орнында 209 пәтерлік 4 үйдің құрылысы басталды.
Сондай- ақ Сүлейменов көшесінің батысы, Жандосов көшесінің оңтүстігіндегі аймаққа қосымша инвестор тартылды. Жеке құрылыс салушы II, V, VI, VII, VIII кезеңдерге үй салу құқығын алды. Осылайша, жобаны аяқтау мерзімі бес жылға – 2033 жылдан 2028 жылға дейін қысқарды.
Түрксіб ауданындағы Молдағалиев-Сауранбаев-Чернышевский-Толстой көшелерінің шаршысында 152 пәтерлік көппәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Айта кетейік, Алматы қаласының тұрғын үй қорын жаңғыртудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда.
Бүгінгі күні «Алматы» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ қала әкімдігін, «Байтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігін, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігін қоса алғанда, уәкілетті органдармен бірлесіп қаржыландыру мәселесін пысықтап жатыр.
«Қосымша қаржыландыру құрылыс жұмыстарының қарқынын арттырады. Бөлінген қаражат тозығы жеткен үйлерді сүруге, инвесторларды ынталандыруға, сондай-ақ апатты жағдайдағы үй иелерін тұрғын үй қоры ретінде пайдалануға арналған пәтерлерге қоныстандыруға жұмсалады», - деп атап өтті әкімдіктен.
Бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев мегаполистегі апатты жағдайдағы үйлерді бұзудың жаңа бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтқан болатын.
Сондай- ақ 2022 жылы Алматыда 278 пәтерлік 32 апатты үй бұзылатыны туралы жазған болатынбыз.