Алматыда сүт бездерінің қатерлі ісігін емдеуге арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгінгі отырыс барысында мамандарды дайындау, қайта дайындау, көмек сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сарапшылардың айтуынша, онкологиялық аурулармен ауыратын адамдарды емдейтін жоғары мамандандырылған медициналық көмектің сапасын көтеру керек және сүт бездерінің қатерлі ісігіне тиімді скрининг жасауда, сонымен қатар диагностикалау мен терапия кезінде еуропалық сапа стандартын енгізу қажет. Еуропалық қоғамның президенті, Италиядан келген ғалым-дәрігер Марко Россели Дель Турконың айтуынша, бұл проблема тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде үлкен мәселелердің бірі болып отыр. «Еуропа елдерінде сүт бездерінің қатерлі ісігі 1-ші орында тұр. Дегенмен, жаңа емдеу әдістерінің арқасында өлім жағдайлары азайып келеді», дейді Марко Россели Дель Турко.
«Біздің мамандардың біліктіліктерін арттыру мақсатында Италия, Германия, Ұлыбритания елдеріне барып, үйреніп қайтулары жоспарлануда. Олар әзірге, осы апта бойы ұйымдастырылған шеберлік сыныптарында үйренуде. Жыл соңында осы шара жалғасын табатын болады», деді онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов. Оның айтуынша, Қазақстанда жылына бұл дертпен ауыратын 3000 әйел тіркелген. 2008 жылы сүт бездерінің қатерлі ісігі ауруынан 1335 адам көз жұмған. «Егер адамдар уақытында тексерілуге келгенде, бұл көрсеткіштің саны анағұрлым аз болар еді», дейді Ж. Арзықұлов.
Соңғы 20 жылда осы дерт әлем бойынша миллионнан аса әйелдің өмірін әкеткен. Жалпы, адам өлімі бойынша сүт бездерінің қатерлі ісігі 3-ші орында болып отыр.
Сонымен қатар, жиында жақында қабылданған сүт бездерінің қатерлі ісігін анықтау, диагностикалау мен емдеудеудің жаңа әдістерін енгізу бағдарламасы таныстырылды.
Халықаралық конференция аясында апта бойы өтетін «Сүт бездерінің қатерлі ісігін анықтау, диагностикалау мен емдеу» атты шеберлік сыныптары жалғасуда. Онда Еуропа елдерінен келген ғалым-дәрігерлер біздің дәрігерлермен өз тәжірибелерімен бөлісіп, әр түрлі тренингтер өткізуде.