Алматыда «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты жастар форумы өткізілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда өткен «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты жастар форумына қатысушылар барлық білім мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністеріне мүлдем төзбеушілік жағдай қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Алматыда «Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ!» атты  жастар форумы өткізілді

Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлбану Әміртаева өз сөзінде осы салада айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқандығын мәлім етті.

«Алматыда Білім басқармасына бүгінде 243 мектеп, 86 колледж, 392 балабақша қарайды. Білім беру мекемелерінің 2015-2016 оқу жылына арналған оқу-тәрбие жоспарына «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім және сауаттандыру мәселелері туралы» тиісті іс-шаралар енгізілді. Барлық білім мекемелерінде ата-аналар кеңесі құрылды және түрлі шараларға ақша жинау мәселесі тоқтатылды», - деді ол.

Ал, ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Бақтияр Камалов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» партиясының ХVI съезінде ұсынған бес институционалдық реформаны іске асыруда Ұлт жоспары - «100 нақты қадамды» және ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының талаптарын орындау мәселелеріне тоқталды. 

«Сыбайлас жемқорлықпен бүкіл қоғам болып күресуіміз қажет. Бұл жерде жастарға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Сыбайлас жемқорлықты жеңу - мемлекетіміздің нығаюына, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуға кепіл бола алады. Бұл үшін әрқайсымыз өзімізге жүктелген міндеттер мен қызметтерді адал атқаруымыз керек. Адал еңбек қана абырой әпереді», - деді Б. Камалов.

Сонымен қатар, ол форумға қатысушыларды  ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің «kyzmet.gov.kz» сайтында жарияланған «Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы Ашық келісімге қосылуға шақырды.

«Ашық келісімгекоммерциялық емес ұйымдар, заңды тұлғалар,  саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар  және жастар ұйымдары жаппай қосылуда», - деді Б. Камалов.

Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде  өткен Жастар форумына Департаменттің, Алматы қалалық Білім басқармасы,  Алматы қалалық ІІД қызметкерлері, университет, колледж студентері мен профессорлық және оқытушылық құрамдары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. 

null null