Алматыда сымы үзілген троллейбустар көшеде кептеліс туғызды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бірнеше троллейбустың сымы үзіліп кетіп жолда кептеліс туындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Салдарынан Тимирязев көшесінде тұрып қалған қоғамдық көліктер BRT желісінің жүйткіген автобустарына кедергі болып тұр.
«Алматыэлектротранс» ЖШС оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
«Бұл жерде трос үзіліп кетуі мүмкін. Не болмаса электр энергиясынан ажырап қалуы мүмкін. Себептерді анықтап жатырмыз. Қазір жүргізушілер диспетчерлермен байланыста. Егер трос үзілген болса, онда 1 сағат ішінде сымдар қайта қалпына келтіріліп, жол қозғалысы қайта жанданады. Оқиға орнына мамандар жіберілді», - деді «Алматыэлектротранс» ЖШС басшысы Ризван Цинаев.
Оның айтуынша, троллейбустар электр энергиясымен қозғалады.
«Жақын арада автономды электр энергиясына жалғану үшін қосымша аккумуляторлар сатып алу жоспарда бар. Бұл болашақта тоқтың үзілуінен болатын проблемаларды жояды», - деді Цинаев.
Айта кету керек, бұл көліктер 2012 жылы сатылып алынған.