Алматыда сырқаттар емделу сапасына көңілі толмаса басшылыққа шағымдана алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Бүкіләлемдік қатерлі ісікке қарсы күрес күні аясында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында «Белсенді науқас» жобасының тұсауы кесілді. Оған аталмыш институттың басшылығы, онкология саласының мамандары, дәрігерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Алматыда сырқаттар емделу сапасына көңілі толмаса басшылыққа шағымдана алады

«Белсенді науқас» жобасы - тұрғындардың арыз-тілектерін электронды түрде жеткізу жолы, яғни институт басшылығымен байланыс. Науқастар ем-шара ұнамаса немесе өзге тілектері бар болса, сол туралы жазып, институт басшылығына тез хабардар ете алады. Бұл жаңа жүйенің бір ерекшелігі, мұнда аты-жөні жоқ адамдардың арыз-өтініштері қабылданбайды. Дегенмен, мамандар жұмысына арызданушы науқастың әрі қарайғы ем-домы қалыпты жүретін болады, оған ешқандай қысым көрсетілмейді. Оған кепілдік беріледі», - деді өз сөзінде Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директорының орынбасары Дәулет Байпеисов.
«Белсенді науқас» жобасы аясында сатып алынған банкоматқа ұқсас электронды құрылғылар институттың әрбір корпусына орнатылды. Науқастар оған келіп, экранда көрсетілген арнайы функциялары арқылы қазақ немесе орыс тілінде институт басшылығы атына арыз-шағымын жаза алады.
Бұдан өзге, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ директорының орынбасары онкологиялық ауруларды алғашқы сатыларында анықтауда бірқатар жетістіктерге қол жеткізілгенін айтты.
«Қатерлі ісікке шалдығу ықтималдығы Солтүстік, Шығыс Қазақстанда басым. Ал оңтүстік өңірлерде көрсеткіштер төмен. Бұған экологиялық факторлар әсер етеді. Бірақ, қазір елімізде скрининг бағдарламалары өз нәтижесін беріп жатыр. Мәселен, биыл скрининг арқылы қатерлі ісіктің алғашқы сатысында анықталған жағдайлар елімізде 57 пайызға көбейді, ал соңғы 3-4 сатысында белгілі болғандары - 8 пайызды құрайды. Жыл санап скринингке келетіндер саны артып келеді», - деді Дәулет Байпеисов.
Сондай-ақ, бүгінгі шара барысында институтта жаңадан call-орталықтың іске қосылғандығы жария етілді. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін call-орталық қызметкерлері енді науқастардың жақындары мен емделушілерге кез-келген сұрақ бойынша қажетті ақпаратты бере алады.
Айта кетелік, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, онкологиялық аурулар елімізде өлім-жітім көрсеткіші бойынша екінші орында тұр. Жыл сайын 16-17 000 адам қатерлі дертпен ауырып, соның себебінен көз жұмады. Ал олардың 42 пайызы - еңбекке жарамды жастағылар.
2016 жылдың 1-ші ақпанына бастап, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институында барлық тұрғындар үшін қатерлі ісік скринингінің 6 түрі бойынша тегін тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Ол 10-шы ақпанға дейін жалғасады.