Алматыда табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек көрсетілді
АЛМАТЫ. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат /Сержан Закерұлы/ - Бүгін Алматыда қалалық Қызыл ай қоғамы мамыр айында су тасқынынан зардап шеккен Алатау ауданындағы «Ақбұлақ», «Дархан», «Шаңырақ-1», «Шаңырақ-2» ықшамаудандарының тұрғындарына көмек көрсетті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Табиғат апатынан зардап шеккендерге көмек көрсету біздің қоғамның ұлтымызға деген жауапты істерінің бірі. Біз бүгін тұрғындарға 5 миллион теңгенің көлемінде көмек көрсеттік. Атап айтар болсақ, олар - жатын орындар, төсек жабдықтары, киімдер, ас үй жабдықтары мен тағы басқа заттар», - дейді Қызыл ай қоғамының төрайымы Дарико Хасанғалиева. №169 орта мектепте өткен бұл шара кезінде «Алатау шаңырағы» атты қор құрылып, оған мектептер, жеке кәсіпкерлер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қаржылай көмек көрсетті. Аудан әкімі Бағдат Мәнізоровтың айтуынша, қазір зардап шеккен тұрғындар көшірілетін Шаңырақ-5 ықшамауданында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Әрқайсысының аумағы 25 шаршы метр болатын бұл 60 тұрғын үйдің құрылысы жуық арада бітеді. «Оған ең алдымен зардап шеккен тұрғындардың арасынан жағдайы аса қиындарын көшіреміз. Жалпы біздің аудандық әкімдікте 4500-ге жуық заңсыз жер телімдері анықталды. Қазір оларды заңдастыру жұмысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда бұл жер телімдерінің иелерінен 2500 өтініш қабылданып, оның 944-іне қатысты оң шешімдер шығарылды. Оның 708-і - жекеменшікке, ал 208-і жалға берілетін болды. Сондай-ақ жаңадан құрылатын Шаңырақ-5 ықшамауданына 1189 үйді көшіреміз», - дейді Алатау ауданының әкімі Б. Мәнізоров.