Алматыда "Табиғи органикалық ауылшаруашылық және салауатты тамақ өнімдері, азық- түлік қауіпсіздігі негізі ретінде" атты халықаралық конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда «Terra Madre-Kazakhstan» фестивалі аясында "Табиғи органикалық ауылшаруашылық және салауатты тамақ өнімдері, қауіпсіздік азық- түліктің негізі ретінде" атты халықаралық конференция өтіп жатыр,

Алматыда  "Табиғи органикалық ауылшаруашылық және салауатты тамақ өнімдері, азық- түлік қауіпсіздігі негізі ретінде" атты халықаралық конференция өтіп жатыр

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Халықаралық Слоу Фуд ұйымы мен Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің Жоғарғы фермерлер мектебінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан шараға еліміздің және шет елдің ғалымдары мен сарапшылары, фермерлік ұйымдардың өкілдері, халықаралық жобалардың жетекшілері мен фермерлік шаруашылықтың басшылары қатысуда.

«Бұл шара елімізде бірінші рет өткізіліп отыр. Оның мақсаты - таза, дәмді, табиғи тағамдарды, әсіресе, ұлттық, дәстүрлі тамақ өнімдерін насихаттау, таза өнімдердің пайдалылығын айта отырып, тамақты асықпай, баппен ішуге шақыру, халыққа дұрыс тамақтануды насихаттау, фаст-фуд сынды тамақтардан аулақ болуға шақыру. Сонымен қатар, азық-түлік өнімдерін шығарушылар, шаруа қожалықтары мен мал өсірушілердің еңбегіне құрметпен қарауға шақыра отырып, еңбек ақысын адал төлеу болып табылады», деді Слоу Фуд ұйымының Конвивиум жетекшісі Ханым Ахметова.

Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шармановтың айтуынша, дүние жүзін жаулап алған фаст-фуд сынды тез арада тамақтану түрінен гөрі, Слоу Фуд ұйымының ұстанымы дұрыс. «Тамақтың тазасын, ұлттың бұрыннан қалыптасқан ұғымына сәйкес тамақтану, халықтың ерекшелігіне қарай тамақтану және асықпай отырып ас қабылдау өте дұрыс. Біз өзімізге жетіп тұрған тамағымызды дұрыс пайдаланбаймыз. Сондықтан, қазір ұлттық деңгейде өндіру мәселесін жақсарту керек», деді ол. Оның айтуынша, Кеңестік дәуірде таза емес тағамдар өте көп болған, қазіргі уақытта ол мәселе азайып келе жатыр.

Конференция шеңберінде дәстүрлі ұлттық тағам өнімдерінің көрмесі өтті. Оған конференцияға қатысушы қазақстандық фермерлер өз өнімдерін ұсынды.

Анықтама үшін: Слоу Фуд - халықаралық коммерциялық емес, экогастрономиялық қоғамдық ұйым. Бұл ұйым 1989 жылы тез тамақтану дәстүріне қарсы жауап ретінде құрылып, жұмысы - асықпай тамақтануды насихаттауға, табиғи азық-түліктерді қорғауға бағытталған.