Алматыда таеквондодан өткен халықаралық турнирде батысқазақстандықтар сәтті өнер көрсетті
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Алматы қаласында таеквондодан (WTF) өткен Almaty Open - Bars Cup ашық турнирінде батысқазақстандықтар сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Таеквондодан БҚО құрамасының аға бапкері Арслан Ордабаевтың айтуынша, аталмыш жарысқа Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен 1300-дей спортшы қатысып, бақ сынады.
БҚО намысын 19 таеквондошы қорғады. Солардың ішінен балалардан Әділ Амангелдиев 34, кадеттер арасында Роман Цой 45 кг салмақта қола жүлдегер атанды.
Айта кетейік, таеквондоның олимпиадалық спорт түрі екені белгілі. Биыл Арслан Ордабаевтың тағы бір шәкірті Лиана Кушкеева кадеттер арасында Азия чемпионы атанған болатын.