Алматыда таэквондодан «Текетірес» үлгісінде тұңғыш рет командалық жарыстар өтуде (Фото)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында таэквондодан өтіп жатқан «Федерация Кубогы» Республикалық турнирі аясында «Текетірес» үлгісінде елімізде тұңғыш рет командалық жарыстар өтуде.

Алматыда таэквондодан «Текетірес» үлгісінде тұңғыш рет командалық жарыстар өтуде (Фото)

«Бұл жерде ұпайды бір спортшы емес, бүкіл команда жинайды. Әр командада бес таэквондошыдан болады. Сайыс екі раундтан тұрады. Бірінші раунд - 5 минут, екінші раунд - 10 минут. Бірінші раунда спортшылар өзара бір салмақ санатында шығады, Әрбір жекпе-жекке бір минут уақыт беріледі. Ал екінші раунда бапкер кілемге өзінің кез келген спортшысын шығара алады. Бұл жерде әрбір қатысушыға 30 секундт уақыт беріледі. Сол уақыттан кейін оның орнына басқа спортшы шығады. Ұпай тоқтаусыз жүріп отырады. Бұл өте қызықты формат.

Жеңімпаз командаға 1 миллион теңге табыс етіледі. Екінші орын алғандарға 500 мың теңге, ал үшінші орынды еншілегенге 300 мың теңгені беріледі» - деді өз сөзінде таэквондодан мемлекеттік жаттықтырушы, Қазақстанның таэквондо федерациясының спорттық директоры, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов.

Таэквондошылар арасындағы бұл жаңа стиль осыдан бары-жоғы үш жыл бұрын қолға алынған. Қазір ол бүкіл әлем бойынша танымал бола бастады. Мамандардың айтуынша, мұндай сайыс спортшылардың бойында командалық рухты қалыптастырады. Спортшылар өзінің әрбір қимылына жауапкершілікпен қарайтын болады. Бір-біріне көмектесуге қашанда дайын тұрмақ. Қателеспеуге тырысады. Өйткені бір спортшының мүлт кетуі бүкіл командаға соққы болып тиеді. Сондықтан бұл жерде «Бір адам барлығы үшін, барлығы бір адам үшін» қағидасы ұсталады.

Осы командалық жарыстан кейін «Федерация кубогы» республикалық турнирі мәреге жетеді.