Алматыда тағы бір мамандандырылған ХҚО ашылды
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ғалым Қарқынбаевтың айтуынша, жаңа мамандандырылған ХҚО-ның орны кездейсоқ таңдалған жоқ. «Жаңа МХҚО Түрксіб ауданындағы «Жетісу-Семиречье» сауда орталығында орналасқан. МХҚО-ның орналасқан жері қала тұрғындары мен қонақтары үшін өте қолайлы. Мұнда Түрксіб, Алмалы, Медеу аудандарының тұрғындары, сондай-ақ Алматы облысының Талғар, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарының тұрғындары көліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігін ала алады», - дейді Қарқынбаев.
Жаңа МХҚО-ның ашылуы басқа МХҚО-лардың жүктемесін азайтып, ондағы кезек санын азайтады. Сауда үйінің екінші қабатында орналасқан МХҚО 648 шаршы метр аумақты алып жатыр. Азаматтарға қолайлы болуы үшін инфрақұрылым жетілдіріліп, автокөліктерге арналған көлік тұрағы ұйымдастырылды. Баждар мен төлемдерді жүзеге асыру ұшін мультикасса және Цеснабанктің кассалары жұмыс істейді. 20 жұмыс орнымен жасақталған МХҚО-да жинақтау және дайын құжаттарды беру секторлары бар.
Айта кетейік, бір ай бұрын Алматының Жетісу және Наурызбай аудандарында тағы екі МХҚО іске қосылған. Аталмыш орталықтар ашылғалы бері көлік иелеріне 4 мыңға жуық қызмет көрсетілді. Осылайша, бүгінгі күні Алматыда 5 мамандандырылған ХҚО жұмыс істейді. Дей тұрғанмен, көлік жүргізушісі куәлігін алу барысында тапсырылатын емтихан бұрынғыдай Алатау ауданында орналасқан №1 мамандандырылған ХҚО-да жүргізіледі.