Алматыда тағы бір жезөкшелер ордасының қожалары заңға тартылады

Еске сала кетейік, полиция бұған дейін бірнеше рет аталған қонақ үйде қонақ үй бизнесімен қатар жезөкшеліктің де «өркен жайып» жатқандығын анықтаған болатын. Алайда түрлі себептерге байланысты қылмыстық іс қозғалмаған еді. «Бұл қонақ үйде жезөкшелік қызмет көрсетуші қыздар әкімшіге қонақ үйге кіріп, өз қызметін көрсету үшін 5 мың теңге төлеп келген. Бұнымен қатар олар әр нөмірді пайдаланғаны үшін сағатына 6 мың теңгеге төлеп отырған. Біздің ақпаратымыз бойынша бұл қонақ үйде күніне 60-қа жуық жезөкше «қызмет көрсеткен»,- дейді ІІД-нің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасы адам трафигіне қарсы күрес бөлімінің бастығы Танат Назанов. Оның сөзіне қарағанда бұл істен салық төленбейтін заңсыз қыруар қаржы түсіп отырған. Полицияның ақпараты бойынша қонақ үйде жезөкшелер бизнесімен бес адам айналысқан. Олардың кінәсі алдағы тергеу кезінде жеке-жеке анықталады.
Танат Назановтың айтуынша өткен күндері жезөкшелікті өрістеткен «Маяк», «Поле чудес», «Сагишка» қонақ үйлерінің иелері мен әкімшілері де құрықталған. Олардың үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалған.