Алматыда таксистер жолаушыларды қаладан шығарудың әдісін ойлап тапқан

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы жолаушыларды карантин аймағынан заңсыз шығарып жүрген такси жүргізушілерін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда таксистер жолаушыларды қаладан шығарудың әдісін ойлап тапқан

Қалалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай заңбұзушылықпен Алматы және Алматы облысының шекарасында орналасқан екі үйдің тұрғындары айналысқан.

Олар азаматтарды қаладан облысқа және кері тасымалдау схемасын жасаған.

«Такси жүргізушілерінің бірі шартты түрде қаладан клиент алып, оны Алатау ауданындағы Теректі ықшамауданында орналасқан жеке үйге алып барады. Клиент одан әрі жаяу жүріп, ауладан өтеді, содан кейін жалпы қақпадан Алматы облысының Қарасай ауданы, Көксай ауылында орналасқан тағы бір жеке ғимараттың ауласына кіреді. Жолаушыны қақпаның ар жағында тағы бір такси жүргізушісі күтіп тұрады және ол клиентті діттеген жеріне жеткізді. Жүргізушілер Талғарға жеткізгені үшін 8 мың теңге алған. Ал екі көрші бір адамды бір бағытқа өткізгені үшін 3 мың теңгеден алып отырған», – деді Алматы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Берік Әбілбеков.

Өткен түнде «транзиттік бизнестің» барлық «ойыншылары» ұсталды. Олардың әрқайсысының әрекетіне заңға сәйкес шара қабылданғаннан кейін құқықтық баға беріледі.