Алматыда «Talents Go» бизнес-кейстер байқауының ақтық сыны өтіп жатыр

АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті қорында студенттер арасындағы «Talents Go» бизнес-кейстер байқауының ақтық туры өтіп жатыр.

 Алматыда «Talents Go» бизнес-кейстер байқауының ақтық сыны өтіп жатыр

Ақтық сынға өткен 9 финалист бүгін өздерінің бизнес жобаларын жетекші компания басшыларынан құралған әділ-қазылар алдында қорғап жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, аталмыш байқау биылғы жылдың 15 қыркүйегінде басталған болатын. Ақтық сынға өткен қатысушылар екі турдан өтіп, компаниялардың акцияларын бағалау бойынша сараптамалық есеп дайындады, сонымен қатар, қаржы, маркетинг пен экономика, IQ және ағылшын тілінен кеңейтілген сынақтамадан өтті. Байқаудың бірінші - «Business» деп аталатын бөлімі бизнес ойлауды дамытуға бағытталды, ол байқауда корпоративтік қаржы, менеджмент, маркетинг және экономика салалары бойынша ең талантты деген студенттер анықталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл Қазақстанның бизнес ортасындағы кәсіби топтың бір бөлігі болғысы келетіндер үшін керемет мүмкіндік.

Байқаудың жүлдегерлері жетекші ұлт аралық және отандық компанияларда тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, жеңімпаздарға iPad планшеті, 500 $ және 1000 $ көлемінде қаржылай сыйақы берілетін болады.