06:11, 02 Сәуір 2021 | GMT +5
Алматыда танымал кафенің жазғы террасасы бұзылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда танымал кафенің жазғы террасасы бұзылды, себебі мемлекеттік қорға тиесілі жерге заңсыз салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, бұл нысан бойынша сот ісі 2019 жылдан бері жалғасып келеді.
«2019 жылы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен меншік иесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 319-бабы бойынша кінәлі деп танылып, айыппұл салынды. Бірақ біздің нысанды бұзу туралы талабымыз ескерілмеді. Тек биыл ғана Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімі негізінде заңсыз салынған жазғы террасаны бұзуға қол жеткіздік», - деп хабарлады басқармадағылар.
Бүгін Гоголь көшесі № 169 мекенжайында орналасқан нысанды бұзу жұмыстары сот орындаушыларының қатысуымен жүргізілді.