Алматыда Таңжарық оқулары және студенттер айтысы өтеді
![None None](/static/img/plug.webp)
Бұл туралы «Қыздар университеті» медиаорталығынан хабарлады.
Аталмыш шараның басты мақсаты - Қазақ әдебиеттінің белді өкілі, ұлт қайраткері, ақын-ағартушы Таңжарық Жолдыұлының өлеңдерін, шығармашылығы мен өнегелі өмірін дәріптеу, жас ұрпақты қазақ әдебиеті мен тарихының ақтаңдақтарын ашуға, зерделеуге шабыттандыру.
Шараға қатысушылар екі кезең бойынша сынға түседі. Бірінші «...Артында ақын өлсе белгі болып, әңгіме, өлең, тақпақ, жыр қалады» деп аталатын кезеңде жеке және командалық (3 адам) өнер байқауы өтеді. Мұнда қатысушылар ақын шығармашылығы негізінде шағын театрландырылған қойылым көрсетіп, ақынның өлеңдерін (кемінде 3-5) мәнерлеп, жатқа оқудан сайысқа түссе, екінші кезеңде ақын өмірі мен шығармашылығы жайында қойылған сұрақтарға жауап беріп, «Шын жүйрік өрге салса өршеленер» деген тақырып аясында ақынның шығармашылығын, айтыскерлік таланты мен қайраткерлік тұлғасын дәріптей отыра айтысқа түседі. Айтыскерлер бұл сында Қыздар университетінің 70 жылдағы жетістіктерін де тілге тиек етеді.
«Таңжарық оқулары» аясында тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған игі бастама Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінің мерейлі 70 жылдығы аясында өткелі отырғандықтан, қатысушыларға қомақты жүлде тігіледі.
Кештің құрметті қонақтары: Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, белгілі әдебиеттанушы, таңжарықтанушы ғалымдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.
2014 жылдың 27 наурыз күні іріктеу кезеңі басталады. Байқауға қатысуға ниетті үміткерлер 25 наурызға өзі туралы қысқаша мәліметтер көрсетіп тіркелуі қажет.