Алматыда тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі туралы халықаралық конференция өтеді
АЛМАТЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда маусымның 9-10-ы күндері «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оны Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Өркениеттер диалогы» әлемдік қоғамдық форумы мен Мәдени саясат және өнертану институты бірігіп ұйымдастырып отыр. Мақсат - қазіргі өркениетті заманға лайықты ортақ кеңістіктегі конструктивті диалог қалыптастыру. Қазақстанның Әлемдік өркениеттер диалогы қауымдастығындағы өзіндік орны мен маңызын анықтау. Әлемдік өркениет қағидасына негізделген, идеялық-дүниетанымдық тұжырымдама жасап, маңызды құндылықтарға орай тараптармен шығармашылық қарым-қатынаста болу. Онда - өркениеттер диалогы: Еуразиялық кеңістіктегі көзқарас. Мәдени диалог ? Еуразия кіндігінен көзқарас. Еуразия қазіргі заманғы ауқымды экономикалық жағдайлар қарсаңында. Тарихи диалог ? достық және мәдени қарым-қатынасымыздың өркендеу жолы. «Мәдени мұра» Ұлттық бағдарламасы ? Еуразияның инновациялық әлеуметтік-гуманитарлық жобасы деп аталатын мәселелер талқыға түспек. Бұл алқалы жиынға «Өркениеттер диалогы» әлемдік қоғамдық форумының президенті В.Якунин, Чехияның бұрынғы премьері Земан Милош, «Өркениеттер диалогы» ӘҚФ Халықаралық үйлестіру комитетінің төрағасы, Еуропа Кеңесінің бұрынғы бас хатшысы Швиммер Вальтер (Австрия), Foreign Policy журналының француз нұсқасының бас редакторы Рош Франсуа (Франция) мен өзге де белгілі қоғам қайраткерлері мейман ретінде шақырылған. Сондай-ақ АҚШ, Канада, Франция, Австрия, Қытай, Италия, Үндістан, Ұлыбритания, Швейцария, Чехия, Ресей, Литва, Эстония сияқты тағы басқа да елдердің ғылыми-шығармашылық зиялы өкілдері қатысады деп жоспарланып отыр.