Алматыда тәртіп сақшылары заңсыз қойылған 70 жарнама қондырғысын әшкереледі

Оны жер қатынастары басқармасының бөлім бастығы Болат Дүйсенов бүгін Алматыдағы жарнама қондырғыларын қайта монтаждау туралы баспасөз мәслихатында айтты.
«2011 жылы 1346 жарнама нысандары есепке алынған болатын. Онда 659 жарнама қондырғысының ғана жерді иеленуге заңды құжаттары бар болса, 697-сі заңсыз екені анықталды. Алматыда қазір әр апта сайын 5-7 жарнама қондырғысы заңсыз қойылуда. Олар тұрғындардың өміріне де қауіп төндіруде», - дейді Б.Дүйсенов. Оның айтуынша, 3 мамыр күні Достық пен Құрманғазы көшелерінің қиылысында 700 келілік билборд автокөліктің үстіне құлаған. Әйтеуір адам шығыны болған жоқ. Дегенмен мұндай жағдай енді қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан жер қатынастары басқармасының заңгерлері заңсыз қойылған 274 билборд форматындағы жарнама қондырғыларына қатысты сотқа арыз түсірген. Қазір оның 113-іне шығарылған сот үкімі күшіне енді.
Егер 26-26 мамыр аралығында рұқсат құжаттары жоқ жарнама қондырғыларының иелері қайта монтаждамаса олар қалалық құзырлы қызмет күштерімен жойылып, иелері заң бойынша жауапкершілікке тартылады