Алматыда тәртіпсіздіктерге қатысты деген күдікпен ұсталған азамат бостандыққа шықты
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда екі айға қамауға алынған алматылық Тимур Ким бостандыққа шықты. Бұл туралы оның адвокаты Олег Чернов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құқық қорғау органдары бұған дейін Тимур Кимді Алматыдағы тәртіпсіздіктерге қатысты деп күдіктенген болатын.
«Тимур Ким босатылды. Бізге сеніп, қолдаған барша жандарға рахмет. Қалыптасқан айыптау позициясына қарама-қайшы, істі объективті түрде тергеген Бас прокуратураның ведомствоаралық жедел-тергеу тобының тергеушісі Максим Юсуповқа ерекше алғыс айтамыз. Кінәлілер жазасын алуы керек, бірақ бұл Тимурға қатысы жоқ. Бүгін балалары және әйелімен қауышты. Ал, біз жұмысты жалғастырамыз», - деп жазды Олег Чернов.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда тергеу изоляторынан 8 адам шыққан болатын. Сондай-ақ, «Аманат» қоғамдық комиссиясының мүшесі Уайс Ерсайынұлы Facebook-те Тимур Кимның бостандыққа шығатынын жазған еді.