Алматыда тау-кен жұмыстарын жоспарлауға арналған халықаралық симпозиум өтуі мүмкін
АЛМАТЫ. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 2011 жылы тау-кен жұмыстарын жоспарлау және жабдықтарды таңдау мәселелеріне арналған халықаралық симпозиум өтуі ықтимал.
Бұл туралы Алматыда өткен «Тарихи-мәдени мұраның өркениеттер диалогындағы рөлі» деп аталатын халықаралық ғылыми конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз қазір тау-кен жұмыстарын жоспарлау және жабдықтарды таңдау мәселелеріне арналған кезекті халықаралық симпозиумды 2011 жылы Алматыда өткізу құқығына қол жеткізу үшін бірқатар шараларды қолға алдық. Оны ҚР Минералдық шикізат кешенін қайта өңдеу жөніндегі орталығы, Д. Қонаев атындағы тау-кен істері институты, Қазақтың Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университеті мамандарымен бірлесіп атқарып жатырмыз. Бұған еліміздегі кен өндіру өнеркәсібінің жоғары деңгейде дамығандығы негіз болып отыр», - дейді «Горное бюро» ЖШС-нің ғылыми қызметкері Бекзат Жетібаев. Оның айтуынша, бұл алқалы жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен делегаттар қатыспақ. Қазақстанның металлургия өнеркәсібінің шикізаттық базасын кеңейту мен пайдалы қазбалар кен орындары мәселелерімен айналысатын серіктестік бұл мүмкіндікті еліміздің тарихи-мәдени мұраларын насихаттауға да оңтайлы пайдаланбақ. Сол себепті симпозиумға қатысушыларды мұражайларға, табиғи қорықтарға апарып, Қазақстанның мәдени-тарихи мұрасымен, ескерткіштерімен таныстыру мақсатында үлкен бағдарлама әзірлеп жатыр.