Алматыда тау соқпақтарын көркейту қолға алынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда тау соқпақтарын абаттандыру қолға алынды.

Алматыда тау соқпақтарын көркейту қолға алынды

Алматы тау туризмінің тартымдылығын арттыру мақсатында тау маршруттарын жандандыруға бағытталған жоспармен қалалық Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Жайлаубай таныстырды.

«Жұмыс 3 бағыттан тұрады. Ең алдымен тау соқпақтары маршруттарында жергілікті флора мен фауна туралы ақпараттық тақтайшалары орнатылатын болады. Екіншіден, тауға жаяу сапар шегу барысындағы жүріс-тұрыс ережелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бару ережелері туралы ақпарат жарияланатын болды. Сондай-ақ, соқпақ жолдарды абаттандыру және олардың барлық әлеуметтік топтар үшін қолжетімділігін арттыру аса маңызды. Қазір соқпақ жолдарды бағдарлау, орындықтар мен кемпингтерді орналастыру, сондай-ақ, соқпақ жолдардың кейбір бөліктерінде мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін арнайы жабындардың төселу жұмыстары басталып кетті», - деді Е.Жайлаубай.

Ревитализация жұмыстары қазіргі таңда Медеу - Горельник, Медеу - Көкжайлау және Медеу - Кімасар маршруттарында жүріп жатыр.

Басқарма басшысының айтуынша, осы сенбіде тау соқпақтарын тазалауға арналған сенбілік өтеді.

 «Елімізде қазіргі таңда туризм экономиканың басты қозғаушы күші ретінде танылып отыр. Ал, тау туризмі мен экологиялық туризм - бұл салауатты өмір салты мен туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін насихаттау болып табылады, мұның өзектілігі, әсіресе, «Туған жер» бағдарламасы аясында артып отыр. Оған қоса, табиғатты қорғау мен оған сүйіспеншілікпен қарау, жағымды туристік дағдыларды қалыптастыру мен өскелең ұрпақтың ой-өрісін кеңейту де алға қойып отырған мақсаттар қатарында. Осы орайда аталған мәселелерге немқұрайлы қарамайтын барлық азаматтарды соқпақ жолдарды абаттандыруға арналған сенбілікке қатысуға шақырамыз», - деді ол.