Алматыда тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының аумағында заңсыз айналымнан 1,2 млн теңгенің 405 контрафактілік тауары анықталды. Бұл туралы қалалық Әділет департаменті мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда тауар белгісін заңсыз пайдалану фактісі анықталды
Фото: Алматы қалалық әділет департаментінің баспасөз қызметі

«Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімі қызметкерлері «SkF» компаниясының өкілдерінің сенімхаты негізіндегі арызы бойынша Алматы қаласының аумағында тауар белгісін заңсыз пайдаланумен контрафактілік мойынтіректердің (подшипники) заңсыз айналымының жолын кесті»,-деді Еркебұлан Жетпісбаев Алматы қалалық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы.


Айтуынша, заңсыз айналымнан 1 221 000 теңгенің 405 дана контрафактілік тауары алынды. Құқықбұзушыққа 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды және тәркіленген заттар сот шешіміне сәйкес, Алматы ауыр машина жасау зауытының балқыту цехында жойылды.

«2023 жылдың 6 айында департамент мамандары жоспардан тыс 16 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 16 құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік іс қозғалды. Қазіргі таңда оның 14-і қаралды, екеуі Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралуда»,- деді ол.