Алматыда «Таза қала» акциясының екінші кезеңі жалғасуда
АЛМАТЫ. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматы полициясы «Таза қала» акциясының екінші кезеңін жалғастыруда.
Өткен күндердің ішінде 167 заң бұзушылық тіркеліп, 1 млн. теңгеге дейін айыппұл салынған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қалада көбіне жеке тұлғалар қоқыстар тастайды, 167 айыппұл салынғандардың 19-ы заңды тұлғалар.
"Бұл жолғы акция қала әкімінің және ІІД басшыларының бұйрығымен өткізілуде. Адамдар көп шоғырланған жерлерге баса назар аударамыз. Нәтижесінде 172 сауда орындары жойылды, 64 дүңгіршек қайта жөнделді, бес контрафактілік өнімдермен сауда жасау фактілері тіркеліп, 500-ден аса қарақшылық дискілер тәркіленді", -деп тап өтті Алматы қаласы ІІД-нің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Серік Қазыбаев.
Оның айтуынша, учаскелік инспекторлар үйлердің араларын, әсіресе, күл-қоқыс салатын орындарды тексеруде. "Жақында қоқыс шығаратын ұйымдардың өз жұмыстарын дұрыс атқармайтыны туралы бірнеше жағдайлар тіркелді. Ұйым басшыларына 42 мың 390 теңгенің айыппұлы салынды. Сонымен қатар көлік жуатын орындар тазалық ережелерін бұзғандықтан 56 мың 520 теңге айыппұл төледі. Акция нәтиже беруде. Алматылықтар қазір қаланың тазалығы жайында ойлана бастады және көшеге қоқыс тастау да азайды",- деді Серік Қазыбаев.
«Таза қала» акциясының екінші кезеңі қазан айының 31-не дейін жалғасады.