Алматыда "Театр көктемі" фестивалі басталды

АЛМАТЫ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыдағы Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында "Театр көктемі" фестивалі басталды,

Алматыда "Театр көктемі" фестивалі басталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Биыл 11-ші рет өтіп жатқан бұл фестиваль КСРО және ҚазКСР халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сәбира Майқановаға арналып отыр. Көрермен ұмытып бара жатқан тұлғалар болады. Олар туралы кітап шығарып көрерменің есіне салу, ойнаған қойылымдарын қайта қою, актерге деген құрмет болса керек", дейді театрдың директоры Есмұхан Обаев.

"Театр көктемі" Наурыз мерекесі мен Халықаралық театр күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын жаңа қойылымдардың фестивалі. Оның мақсаты - сахна өнерінің жай-күйін, режиссура, сценография және актерлік өнердегі көркемдік ізденістерді зерделеу, қазақ сахнасының ұлы тұлғаларын ұлықтау. Сондай-ақ театрдың аға, орта және жас буынының шығармашылықтарымен жақынырақ танысуға мүмкіндік тудырып, көрерменмен байланысты жандандыру. Дәстүрлі шара биыл Тұңғышбай әл-Таразидің режиссерлігімен қойылған Үзейір Ғаджыбековтің "Аршын мал алан" мюзиклімен ашылды. Бағдарламада бұдан басқа Түнжер Жуженоғлының "Көшкін" әфсанасы, Мар Байджиевтің "Қылмыс" драмасы, Тынымбай Нұрмағамбетовтің "Қожанасыр тірі екен" комедиясы, Дулат Исабековтің "Мұрагерлер" драмасы бар. Оларға Әшірбек Сығай, Әлия Бөпежанова мен Бақыт Нұрпейіс қазылық жасайды.