Алматыда тегін стоматологиялық қызмет кімдерге көрсетіледі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда амбулатория деңгейіндегі жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетімен қаржыландырылады және азаматтардың жекелеген санаттарына тегін көрсетіледі. Бұл туралы Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының емдеу-профилактикалық қызмет бөлімінің жетекшісі Ләйла Иманғалиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Спикердің айтуынша, жоспарлы стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.
«Олар тісті жансыздандыру, химиялық пломба салу, терапевтің қабылдауы, пульпит пен перидонтитті емдеу, флюороз, гипоплазия кезінде тістің анатомиялық пішінін толық қалпына келтіру, тісті хирургиялық жолмен жұлу, басқа да қызметтерді тегін пайдалана алады. Тіс дәрігерінің қызметіне жүгіну үшін стоматологиялық клиникаға хабарласып, қабылдауға жазылған дұрыс», - деді дәрігер.
Шұғыл стоматологиялық көмек кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті шеңберінде, халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған санаттарына ғана көрсетіледі.
«Олардың қатарында 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, ҰОС ардагерлері, барлық топтағы мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көп балалы аналар, зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар сырқаттармен ауыратын науқастар, балалық шақтан І топ мүгедегін күтушілер бар»,- деді Ләйла Иманғалиева.
Оның мәліметінше, стоматологиялық көмекті медициналық сақтандыру жүйесінде жұмыс істейтін жеке меншік тіс клиникалары арқылы да алуға болады. Олардың тізімі мынау сілтемеде орналасқан.
Спикер стоматологиялық көмекке қатысты барлық сұрақтарды медицина ұйымы жанындағы Пациенттерді қолдау қызметіне жолдауға болатынын еске салды.