Алматыда техникалық жөндеу орталығының жұмысшысы жөндеуге әкелінген көлікті ұрлап кетті - Алматы полициясы

АЛМАТЫ. 14 қыркүйек. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда техникалық жөндеу орталығының жұмысшысы жөндеуге әкелінген көлікті ұрлап кетті, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметі.

Алматыда техникалық жөндеу орталығының жұмысшысы жөндеуге әкелінген көлікті ұрлап кетті - Алматы полициясы

Рысқұлов даңғылы бойында орналасқан техникалық жөндеу орталығының жұмыскері 21 жасатағы Ержанды соңғы үлгідегі «Мерседес» автокөлігі қатты қызықтырса керек. Көліктің қозғалыс бөлігіндегі ақауларды қалпына келтірудің орнына ол көлікті қуып кеткен.

«Қымбат тұратын» «Мерседес» автокөлігін қожайыны таңғы сағат тоғыздар шамасында көлік ақауын жөндетуге ТЖО-на қалдырып кеткен. Небәрі бірер минуттан кейін-ақ осы орталықтың көлік жөндеу шебері денсаулығының нашарлап тұрғанын айтып, темір тұлпарды мініп кетіп қалған. Өзгенің көлігін қуып әкеткен қаскөйді әріптестері де байқамай қалған. Тек қана келісілген уақытта көлігін алып кетуге келген қожайыны темір тұлпарының қолды болғандығын байқайды. Жәбірленушінің тез арада уақыт оздырмастан полицияға хабар бергендігінің арқасында біз қылмыскердің ізіне түстік»,-деп мәлім етті Алматы қаласы ІІД Жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Мұхтар Түсүпов.

Бірер минутта-ақ енгізілген «Құрықтау» жоспары нәтижесінде күдікті Сейфулин даңғылы бойында қолға түскен. Оның айтуына қарағанда, ол тек қана жеңіл жүрісті қыздарды көлікке мінгізіп алып, қала көшелерін шарлап қайтпақшы болған.

«Жүргізілген тергеу амалдарынан кейін темір тұлпар өз қожайынына қайтарылып, қылмыскер қамауға алынды. Кейінірек белгілі болғандай, ол алып шаһар Алматыға жақын күндері ғана Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданынан ақша табу үшін келген. Көлік жөндеу ісінде аз ғана тәжірибесі бар ол осы салада біраз еңбек етуді жөн санаған. Ал өз кезегінде ТЖО-ның қожайыны бұл жұмыскердің бұрын соталғандығы жайында мүлдем бейхабар болып шықты. Қазіргі таңда өзгенің мүлкін ұрлағандығы үшін оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жалғасуда»,-деді М.Түсүпов.