Алматыда тек қыз-келіншектер қатысқан жарыс өтті
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қыз-келіншектер арасында жүгіруден жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматыда жүгіруден әуесқойлар арасында осымен үшінші рет ерекше жарыс өтуде. Оған тек қыз-келіншектер ғана қатыса алады. Қатысушылардың жас шамасына шектеу қойылмаған.
Қыз-келіншектер паркті айнала жүгіріп, барлығы 8 шақырым қашықтықты еңсерді. Нәтижесінде, Нарғыз Іглікова (31 минут 38 секунд), Инна Рыжих (33 минут 52 секунд) және Дарья Бычкова (34 минут 39 секунд) абсолютті чемпион атанды. 15-29 жас аралығындағы қатысушылар арасында бірінші болып мәреге Айжан Жанбатыр, 30-39 жастағылар арасында Аида Естерекова, 40-49 жас арасында Ольга Машинская және 50-ден жоғары санатта Любовь Асанова жетті.

Қатысушыларды мәреде қазақстандық актриса, әйелдер жарысын ұйымдастырушылардың өкілі Аружан Жазылбекова қарсы алды.
«Бүгін мен жүгіргенім жоқ. Бірақ жеңімпаздарды үлкен қуанышпен қарсы алып, марапаттадым. Өзім 2015 жылдан бері жүгіремін және үнемі халық назарында жүретін болғандықтан, сыртқы келбетім мен үшін өте маңызды. Спорт жақсы көрінуге мүмкіндік беріп қана қоймай, өзіме сенімділікті арттырады, түсірілімдерден кейін күйзеліс пен шаршағанды басады», - деді А.Жазылбекова.
Актриса сондай-ақ ерекше костюммен жүгірген қатысушыларды марапаттады. Әйелдер жарысының тақырыбы кинокейіпкерлер болды.
