Алматыда телерадио хабарларын таратуды реттеу туралы конференция өтіп жатыр
АЛМАТЫ. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бұл телерадио хабарларын тарату саласы мен мемлекеттік орган өкілдерінің арасындағы сұхбаттың кезекті сатысы болып отыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Стратегиялық жоспарлау және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Марат Әбсаттаров бүгін Алматыда өтіп жатқан «Қоғам мен сала қызығушылығы үшін Қазақстандағы телерадио хабарларын таратуды реттеу» деп аталатын конференцияда осылай айтты.
Мәслихатты Сорос-Қазақстан қорының қолдаумен Қазақстанның теледадио хабарларын таратушылар ұлттық қауымдастығы және «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры бірлесіп ұйымдастырды. 2011 жылы 28 желтоқсанда ҚР Парламент Сенаты «Телерадио хабарларын тарату туралы» Заңды қабылдаған еді. Бұл құжаттың ресми әзірлеушісі ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі болды.
«Телерадио хабарларын таратушылар мен мемлекеттік органдардың қатысқан мұндай шаралар заң жобасын талқылау кезінде бұрын да өткізілген болатын. Сұхбат алаңы ретінде ол көкейкесті мәселелер бойынша өзара пікір алмасуға септігін тигізді. Оны жүзеге асырудың өзекті проблемалары бүгінгі басқосуда да жан-жақты талқыланатын болады. Әзірге қандай да бір мәселені бөле-жарып айтуға ерте», - дейді М. Әбсаттаров.