Алматыда темір жол билеттерін қолдан сататын алыпсатарлар ұсталды
Жол жүру құжатын алып-сатты деген күдікпен қолға түскен азаматтар желілік ішкі істер бөліміне жеткізілген. Ұсталғандардың екеуі бұған дейін де заңсыз әрекеттермен айналысып, бірнеше рет полицейлер қолына түскен. Қоғамдық тәртіпті бұзып, кіші бұзақылықтармен айналысқан алыпсатарларға қатысты іс қозғалды.
Ағымдағы жылдың шілде айынан бастап елде 27 алыпсатар қолға түсіп, полицияға жеткізілген.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ азаматтардан келіп түскен көптеген шағымдарға байланысты қолдан билет сату әрекеттерін жою мақсатында вокзал маңындағы жеке кассаларда бақылауды күшейтіп, рейдтер жүргізіп отыр және кезектегі адамдардың санын азайту үшін электронды жолмен билет сатуда.
Қазір Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе стансыларындағы вокзалдарда билет сататын 18 автомат орнатылуда. Ол азаматтарға жол жүру құжаттарын өздігінше сатып алуға және интернет арқылы тапсырыс берген билеттерді рәсімдеуге мүмкіндік береді. Келесі жылы Қазақстанның ірі аймақтарында тағы 15 автоматты орнату жоспарланып отыр. Жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында 2010 жылдың шілденің 20-сынан бастап Астана мен Алматы қалаларында Интернет арқылы рәсімделген билеттердіжеткізудің жаңа қызметі іске қосылған. Сондай-ақ компания жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірінен табылатын төлем терминалдары арқылы билет сатуды қолға алмақ.
Темір жолда кездесетін заңсыз әрекеттерге байланысты азаматтар шағымдарын «Жолаушылар тасымалы» АҚ президентінің блогына жібере алады.