Алматыда «Ten Qadam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Жанар Сәдуақасова онлайн брифинг барысында ауданның әлеуметтік инфрақұрылымы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда «Ten Qadam» әлеуметтік қолдау орталығы ашылды

«Мүгедектігі бар тұлғаларға әлеуметтік қамтамасыз ету мәселелері бойынша ақпараттандыру және кеңес беру, сонымен бірге тиімді жұмыспен қамту саласында әлеуетті арттыру мақсатында Жандосов көшесі, 10 мекенжайында «Ten Qadam» әлеуметтік қолдау орталығы іске қосылды. Орталықта 28 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, 100 балаға арналған жекеменшік балабақша қолданысқа берілді. Оның 60 орыны «Балапан» бағдарламасының аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша», – деді спикер.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен Атакент аумағында «Әуен әлемі» мектебі ашылды, онда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары домбыра, шаңқобыз және гитарада ойнауды тегін үйренеді.

Одан бөлек, «Атакент» аумағында сырғанау арқылы трюк жасауға негізделген скейтборд, биэмикс, самокат және агрессиялық роликтер сияқты экстремалды жазғы спорт түрлеріне арналған ашық спорттық-жаттығу алаңы - Gorilla Atakent Park салынды.

«Мұстафа Өзтүрік көшесі бойында қараусыз қалған учаске болған, ол әдемі саябақ етіп қайта жасалып, спорттық тренажерлер, балалар алаңы және демалыс аймағы пайда болды, аумаққа көгалдандыру жүргізіліп, балалар мен 12 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін жаңа теннис корты салынды. Тұрғын үйдің қасбетінде Мұстафа Өзтүріктің суреті салынды», - деді Ж.Сәдуақасова.

Алдағы уақытта ауданда «Шыңға өрлеу» әлеуметтік клубы, «Қол өнер үйі» өнер шеберханасы және «Алма-ата» кітапханасын ашу жоспарда.