Алматыда теннистен халықаралық турнир басталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Алматыда теннистен ерлер арасында челленджер турнирі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айтулы додаға Қазақстаннан Александр Недовесов, Денис Евсеев, Андрей Голубев, Тимофей Скатов сынды теннисшілер қатысады.
Дүниежүзілік рейтингте 308-орында тұрған Д.Евсеев алғашқы айналымда әлемнің 274-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хюслермен кездеседі.
Рейтингте 615-сатыдағы Т.Скатов әлемнің 323-ракеткасы, аргентиналық Андреа Колларинимен кортқа шығады.
Тағы бір қазақстандық, 601-орындағы А.Голубев рейтингте 262-сатыда тұрған испаниялық Никола Кунмен шеберлік байқасады.
Осы турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 189-сатыдағы А.Недовесов жарысты екінші айналымнан бастайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Кукушкиннің жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Михаил Кукушкин бельгиялық Йоран Флигенмен бірге «Ролан Гарростың» жартылай финалына шығу үшін бүгін осы жарыстың 3-ракеткалары, колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль мен Роберт Фарахпен таласады.