Алматыда «Тіл - бірлік бастауы» атты мемлекеттік қазақ және ана тілдерін үздік білетін жастардың арасында байқау өтеді
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ағымдағы жылғы қыркүйектің 18-інде Алматы қаласында Қазақстан халқы тілдерінің ХІ фестивалі аясында «Тіл - бірлік бастауы» атты мемлекеттік қазақ және ана тілдерін үздік білуге арналған этнолингвистикалық мектеп оқушылары арасында байқау өткізеді,
деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
Байқаудың мақсаты - этнолингвистикалық мектеп оқушыларының мемлекеттік және ана тілдерін меңгеру деңгейі мен мәдениетін көтеруге қатысты қызығушылығын ынталандыру, толеранттылық пен қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру.
Байқау «Мен және біздің ұлттық-мәдени орталық» ауызша таныстырылымы; «Қазақстан: өткені мен бүгіні» тарихи-мәдениеттанушылық тест; «Қай ұлттың да тілі сұлу әрі ұлы» атты шығарма-эссе жанрындағы шығармашылық жазбаша тапсырма аталымдары бойынша өтеді. Шығармашылық тапсырма ұлттық ән, би, ұлттық аспапта халықтық нақышта орындау т.б. арқылы өзінің ұлттық мәдениетін көрсетуді көздейді.
Байқауға қатысушыларды білікті қазылар алқасы бағалайтын болады. Олардың құрамында Қазақстан Республикасының халық әртісі - Лаки Кесоглу, академик М.К. Сүлейменов, атақты лингвист-ғалымдар бар.
Республикалық кезеңнің жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және лауреат дипломдарымен марапатталады.