Алматыда тілдерді оқытудың жаңа инновациялық бағдарламалық кешенінің таныстырылымы өтті

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматы қаласының әкімдігінде тілдерді оқытудың жаңа инновациялық бағдарламалық кешенінің тұсауы кесілді.
None
None

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл оқыту кешені қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге және оқытудың инновациялық форматы ретінде топтық сабақтар бойынша оқытушы мен тыңдаушыларға қолданбалы көмек беруге арналған.

«Тілдерді оқытуға арналған бұл оқу-әдістемелік кешенді мектептерде, жоғары оқу орындарында қазақ тілін ғана емес, басқа да тілдерді және пәндерді оқытуға пайдалануға болады. Бұл кешенде инновациялық технологиялардың соңғы жетістіктері қолданылды. Бұрынғы интерактивті тақтаны алып қарасаңыз, ол бір орында тұратын. Оған бірнеше сым жалғанатын. Ал мұндағы жапсырмалы инновациялық тақта өте жұқа. Қағаз секілді орап, қорапқа салып алып кете беруге болады. Ең бастысы, ол сандық түрде кодталған. Оның бетіне оқытушының арнайы қаламсабымен жазылған кез келген сызба кодтар арқылы компьютердегі файлға автоматты түрде жазылады. Кейін проектор арқылы тақтада қайта көрсетіледі», - деді өз сөзінде Алматы қалалық Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының тілдерді дамыту және үйлестіру жұмыстары бөлімінің бастығы Бақыт Қалымбет.

Сонымен қатар, ол енді тыңдаушыларға берілетін қағаз бен қалмсаптардың да ерекше болатындығын жеткізді.

«Тыңдаушыларға оптикалық бейнекамерасы бар арнайы қаламсаптар таратылады. Сонда тыңдаушылардың алдындағы арнайы кодталған қағаздың бетіне кәдімгі сиямен жазған жазбаларды бейнекамера түсіріп алып, онлайн режімде компьютердегі файлға жіберіп отырады. Бұл жерде кәдімгі А-4 қағазы кодталады. Барлығы осы кешендегі бағдарламаның арқасында жүзеге асады. Яғни, компьютердің «ворд» парақшасын ашып, компьютьерге жалғанған принтерден қағаздарды шығарсаңыз болғаны, ол кодталып шыға келеді. Сонда оған жазылған кез келген дүние оқытушының компьютерінде көрініп отырады. Оқытушы бұрынғы кездегідей әрбір оқушының қасына келіп, дәптерін тексеріп жатпайды. Барлық оқушының не істеп отырғаны оқытушы компьютерінің мониторында бөлек-бөлек файл болып көрініп отырады. Бұл кешен оқытушыға бір мезетте барлық оқушымен байланыс жасауға, дер кезінде ақыл-кеңес беруге немесе жұмыстарын түзетіп отыруға мүкіндік береді. Яғни, уақыты үнемделеді», - деді ол.

Бұдан басқа, тіл маманы жаңа кешенді ҰБТ жүйесіне де қолдануға болатындығын айтып қалды.

«Қағаз бетіндегі тест сұрақтарының барлығына жауап берген соң, ондағы арнайы белгіні басқан мезет, сол секундта тестің нәтижесі экранға шығады. Тіпті оқушының тестке қалай жауап беріп отырғанын онлайн режімде экран арқылы олардың сыртта тұрған ата-аналарына көрсетіп отыруға болады. Сондықтан бұл бағдарламаны ҰБТ жүйесіне де қолдануға әбден болады. Ал кешен арқылы тілді оқыту сапасына келер болсақ, ондағы контентті үнемі жетілдіріп, толықтырып отыру қажет. Былтыр қазақ тіліне байланысты тыңдаушыларға жалғастырушы топ деңгейінде контент әзірлеген болатынбыз. Ал биыл тереңдетілген деңгейдегі контентті енгізгелі отырмыз», - деді ол.

Айта кетелік, бұл кешен мемлекеттік органдардағы қазақ тілі кабинеттеріне орнатылмақ. Кешенді мемлекеттік тапсырыспен «Жаңа шешімдер» ЖШС жасаған.

Соңғы жаңалықтар