Алматыда ТКШ-ны жаңарту биылғы жазда-ақ басталады - ҚР бірінші вице-премьері

Бұл туралы бүгін Алматыда ТКШ жаңартуға арналған кеңес барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев хабарлады.
Оның айтуынша, жақын уақытта барлық қалалар мен облыс орталықтарындағы 150-170 үйді жөндеуді бастауға болады, еліміздің әр қаласында 10 үй күрделі жөндеуге дайын. Бірақ ол жергілікті биліктен белсенді жұмыс атқаруды талап етеді.
Ө.Шөкеев атап өткендей, ТКШ жаңарту бағдарламасы қазіргі заман талабымен үндес, өте қажет әрі қарапайым. Ол үш бағыттан тұрады: біріншісі - желілерді жөндеуден өткізу. «Біз барлық қалалар мен аймақтардан желілерді жөндеуден өткізуге қатысты жобаларды жинастырдық. Олар, барлығына белгілі, 50-ден 70 пайызға дейінгі деңгейде тозған, сондықтан оларды ауыстыру қажет. Оның үстіне осы жұмыстардың 30 пайызы бюджеттік қаржыға, 70 пайызы тариф есебінен жүргізіледі. Ондайда тарифтің инвестициялық құрамы жылдарға созылып кететіні де түсінікті. Бірақ біз тарифтердің өсімі белгіленген көрсеткіштерден асып кетпеуіне тырысып бағамыз», - деп атап өтті Ө.Шөкеев.
Екінші бағыт, оның айтуынша, терможаңарту арқылы кәдуілгі жөндеуден өткізу. «Мемлекет басшысының талабы бойынша қандай да бір жөндеу жұмыстары ресурстарды, әсіресе жылуды үнемдеу арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Жылуды пайдалану арқылы, еуропалық елдермен салыстырғанда біз 1 шаршы метрге 4-5 есе көп шығындаймыз. Жаңарту мен инновацияларды енгізу 35-50 пайызға дейін жылуды үнемдеуге мүмкіндік береді», - деді ҚР бірінші вице-премьері.
Оның айтуынша, үшінші бағыт - әлеуметтік -кәсіпкерлік корпорациясы (ӘКК) қатысуы арқылы күрделі жөндеу жүргізу. Бұндай жағдайда мәселен, 60 пәтерлі үйді жөндеуге 30-40 млн. теңге жұмсайды. «Шешім әкімдіктермен бірлесе отыра кондоминиумдармен қабылданады және біз де қаржы бөлуге дайынбыз. Оларды біз әкімдіктерге ӘКК-ны капиталдандыру үшін алғашқы 2-3 жылға, ал одан кейін ӘКК-ты несиелендіру үшін бөлеміз», - деп атап өтті Ө.Шөкеев. Оның айтуынша, Алматыда ТКШ жаңарту жұмыстары кең ауқымды болып, Алматы үшін бөлінген 2,2 млрд. теңге қаржы жедел игерілген жағдайда көбейтілуі мүмкін.