Алматыда ТМД көлеміндегі ең үлкен би кеші өтеді

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 9-ы. ҚазАқпарат /Маржан Кеңесбай/- Қыркүйектің 21-і күні Алматыда алғаш рет ТМД көлемінде ең үлкен қайырымдылық балы өткізіледі.
None
None

Бал Almaty Towers кешенінде болмақ. Бұл туралы бүгін Алматыда баспасөз мәслихатында шараның ұйымдастырушылары мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Салтанатты шараның ұйымдастырушысы,  «Eventica» компаниясының бас директоры Марат Омаровтың айтуынша, балға бас-аяғы 2000-нан астам адам қатысады. Олардың ішінде елімізге танымал іскерлер қауымдастығының өкілдері, саясаткерлер, ғылым мен мәдениет қайраткерлерімен қоса, Ресейдің театр, кино жұлдыздары Елена Корикова, Людмила Артемьева, Андрей Чернышов, Татьяна Арнгольц, Иван Жидков келеді. 

Алғаш рет сахнада белгілі ресейлік дирижер Артур Оренбургскийдің басқаруымен 150 адамнан тұратын екі оркестр - Мемлекеттік симфониялық оркестр және Эстрадалық симфониялық оркестр өнер көрсетеді.

Балдың комитет мүшелігіне ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Н. Әбіқаев, Мәдениет және ақпарат министрінің бірінші орынбасары Асқар Бөрібаев, Алматы қаласының әкімі А. Есімов және халық әртісі Жәния Әубәкірова енгізілген.

«Балға қатысамын деген кез келген адамға есік ашық. Билет құны 10 мыңнан 65 мың теңгеге дейін. Билеттен түскен қаржыны жетім балалар үйіне және мүгедек балалар қорына аударамыз. Алматы және Шелекте екі физиотерапиялық кабинет қайта жабдықталады»,- деді М. Омаров.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сауық әуен мен бидің үйлесім тапқан ең тамаша кеші болмақ.

Соңғы жаңалықтар