Алматыда төбелес шығарған автобус жүргізушісі мен кондуктордан жауап алынып жатыр
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда төбелес шығарған автобус жүргізушісі мен кондуктор ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, төбелес Арман кинотеатры маңында болған. №12 маршрут жүргізушісі мен кондукторы салондағы жастармен төбелесе жөнелген.
Куәгерлердің айтуынша, кондуктор жастардың мектеп оқушысы екеніне сенбеген.
Дауласқандар соңғы аялдамада мәселені «шешуге» уағдаласқан. Жұдырықтаса жөнелген адамдарды сыртта тұрған адамдар ажыратуға тырысты.
Төбелесте жас жігіт пен бойжеткен жапа шекті.
«Оқиға ҚР ҚК 293-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркелді. Дау-жанжалды бастаған 30 жастағы жүргізуші мен 23 жастағы кондуктордан жауап алынып жатыр. Алдын ала тергеу бойынша, төбелес жүргізуші мен жолаушылар арасында дау-жанжалдан басталған», - деді Медеу аудандық ІІБ басшысы Болат Тотыбаев.