Алматыда Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 20 жыл толуына арналған көрме ашылды

АЛМАТЫ. 5 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда қала тарихы мұражайында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 20 жыл толуына арналған «Ғарышты бағындырған тұңғыш қазақ» атты көрме ашылды.

Алматыда  Тоқтар Әубәкіровтың ғарышқа ұшқанына 20 жыл толуына арналған көрме ашылды

Көрмеге Алматы қаласы тарихының музейі қорындағы және Қазақстан Республикасы Тағамтану институты мен №23 мектептің 10 сынып оқушысы Балахметов Әлібектің жеке жинақ қорынан алынған бірегей жәдігерлер - ғарышкерлердің тағам түрлері, құжаттық деректер мен фотосуреттер, ғарыш саласынан сыр шертетін заттар, Тоқтар Әубәкіров жайындағы кітаптар мен журналдар қойылған.

Көрмені ғарышкердің өзі көріп шығып, өз бағасын беріп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Көрменің ашылу салтанатына қала мектептерінің оқушылары, қала тұрғындары мен қала қонақтары келді.

Шара барысында ғарышкер: "Мен өмірде балалық арманым мен мақсатым орындалған "бақытты" адаммын. КСРО-ның ең үздік ұшқыш сынақшылардың ондығына кірдім. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейтін нәрсе. Жеткен жетістіктерім ұстаздарымның арқасы. Сондықтан құрметті оқушылар сендерге өмірде "ең жақсы деген ұстаздар" мен "адал достарды" тілеймін",-деді.