Алматыда төлем терминалын тонап кеткен үш жігіт ұсталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда төлем терминалын бұзып, ішінен ақша ұрлаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда төлем терминалын тонап кеткен үш жігіт ұсталды

Төлем құрылғысы Райымбек даңғылы бойындағы дәріханалардың бірінің ішінде орналасқан. Қаскөйлер ғимаратқа заңсыз кіріп, терминалды бұзып, ол жерден 1 млн 725 мың теңге көлемінде ақшаны жымқырған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қылмысқа қатысы бар 1975, 1986 және 1982 жылы туған үш азамат ұсталды. Күдіктілер қылмысын мойындады. Заттай айғақтар тәркіленді. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі бойынша қозғалды. Күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде», – деді Жетісу аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Асхат Давлетьяров.

Еске салайық, бұдан бөлек Алматыда ағаштарды өртеген ер адам мен қыздарды тұншықтырып, тонап жүрген жігіт ұсталды.