Алматыда топырақ көшкіні жүріп, этнокафе зақымдалды

28 наурыз күні түскі сағат 15:00 шамасында Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментіне Медеу ауданы, «Көктөбе» ықшамауданында орналасқан «Жайлау» этно-кафесінің аумағына 450-500 текше метр топырақ сырғымасының түскені туралы ақпарат түсті.
«Топырақ массасы Кіші Алматы өзеніне түсіп, өзен арнасын бөгеп тастады. Жауын-шашын салдарынан топырақ ылғалданып кеткен. Абырой болғанда қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта балшық массасын тазалау жұмыстарын «Ана Жер Құрылыс» ЖШС (30 адам, 3 бірлік техника) жүргізуде. Оқиға орнына Медеу ауданы ТЖ басқармасының, «Қазселденқорғау» ММ бастығы барды»,- деп хабарлады департаменттен.
«Қазселденқорғау» ММ мәліметіне сәйкес, жауын-шашынның көп түсуіне байланысты тау бөктерінде қар көшкіні қауіпі сақталады.