Алматыда тозығы жеткен үйлер өте көп - Ерболат Досаев
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Ерболат Досаев қаладағы апатты жағдайдағы үйлерді бұзудың жаңарған бағдарламасын әзірлеу аяқталып қалғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Масаншы көшесіндегі тозығы жеткен 23а үй тұрғындары әкімнен оларды басқа жаққа көшіруді сұрады.
Айтуларынша, 23а мекенжайдағы үй 1938 жылы салынған, қазіргі жағдайы өте нашар.
«Қазір біз жаңарған реновациялау бағдарламасын дайындаудың соңғы сатысындамыз. Бағдарлама ішінде біз қаланың қандай мүмкіндіктері болатынын қарастырамыз. Өкінішке орай, қалада бұзуды немесе жөндеуді қажет ететін тозығы жеткен тұрғын үй қоры өте үлкен. Қала балансында мұндай ақша жоқ. Инвесторды табу мүмкін болмай жатыр. Көпқабатты автотұрақ салу туралы ұсынысы бар нұсқаға мен рұқсат бермеймін»,- деді ол.
Ерболат Досаев аталған мекенжайдағы үй ескірген баспаналар тізіміне енгізілгенін жеткізді.
«Алмалы ауданында 131-үй ескірген болып саналады. Сіздікі де тізімге енгізілген. Біз былайша келісейік, қаланың мүмкіндігіне қарай не істеу керектігін көреміз. Егер біз бюджет қаражаты есебінен сатып алып, сізді көшіре алсақ, мен мұны істеймін»,- деді қала әкімі аталған үйдің тұрғынына берген жауабында.
Бұған дейін, Алматы әкімі мегаполистегі тозығы жеткен үйлер бюджет есебінен сүрілетінін айтқан еді.
2022 жылы Алматыда 278 пәтерлік 32 апатты үй бұзылатыны туралы жазған болатынбыз.