Алматыда трамплиннен секіруден Әлем кубогының қысқы кезеңдеріне 100 спортшы қатысады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда трамплиннен секіруден Әлем Кубогының қысқы кезеңдерінде әлемнің 100 спортшысы бағын сынайды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР Трамплиннен секіру және шаңғы қоссайысы бойынша федерацияның президенті Андрей Вервейкин айтты.
«Бұл кезеңде әлемге танымал спортшылар келеді. Ерлер арасында 62 спортшы, әйелдер арасында 34 спортшы бағын сынайды. Ертең сайыс басталады. Бірақ ең үздіктер сенбі күні өнер көрсетеді»,- деді А.Вервейкин.
Қазақстан құрамасының намысын Радик пен Марат Жапаровтар, Сабыржан Мүмінов пен Константин Сокаленко қорғайтын болады.
«Сайыс өте қатаң болады. Жеңімпаз мынау болады деп тап басып айта алмаймыз. Біздің спортшылардың бірі үздік 30-дыққа енеді деп сенеміз», - деді федерация президенті.
Спорттық дода 27 ақпанда «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешенінде өтеді.