Алматыда трансплантология мәселелері талқыланды
АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Трансплантологияның жағдайы қазіргі заманда елдегі медицина жағдайының басты көрсеткіші болып табылады. Елдегі медицинаның дәрежесі адамның ішкі ағзаларын алмастыру бойынша сәтті жасалған операциялар бойынша бағаланады.
Ағзаны алмастыру адам өмірін сақтауға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні медицина жүректі және өкпені, бауырды және өт жолдарын, жіңішке ішекті және т.б. ағзаларды кешенді түрде алмастыратын дәрежеге жетті. Бұл туралы А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығында трансплантология мәселелеріне арналған баспасөз орталығында келелі әңгіме болды, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Статистикалық мәліметтер бойынша, жылына 1 млн. тұрғынға шаққанда 10 адам жүрек алмастыруды қажет етеді. Ендеше Қазақстанда жүректі алмастыруға жылына 150-160 адам мұқтаж. Бүгінгі күні республика бойынша бауыр алмастыруды 1200-ге жуық пациент қажет етеді. Басқа да ем қонбайтын жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр және өт жолдарының ауыр дертіне шалдыққан 1000-2000 адам толыққанды өмір сүріп, өмірдің рақатына бөлене алады
Қазақстанда алғашқы бауыр алмастыру операциясы 2011 жылғы 9 желтоқсанда белорустық дәрігерлермен бірлесіп, А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығында жасалды. 2012 жылғы 28 шілдеде Жапониядан келген әріптестермен бірлесіп, орталықта екінші бауыр алмастыру операциясы атқарылды. Екі күннен кейін, яғни 2012 жылғы 30 шілдеде үшінші бауыр алмастыру операциясы жапондық әріптестердің бақылауымен толығымен А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығының мамандары дәрігер Д.С.Тоқсанбаевтың жетекшілігімен жасады. 2012 жылғы 25 тамызда орталық мамандары төртінші бауыр алмастыру операциясын сәтті атқарды.
1978 жылдан бері А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығында ағзалар мен тіндерді транпланттанттау бөлімі жұмыс істейді. Сол кезден бері 600 астам донорлық бүйрек алмастырылды.
Ағымдағы жылдың тамыз айында «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ-да донорлық жүректі транпланттанттау жүргізілді. Алматыда Педиатрия және балалар хирургиясы ұлттық ғылыми орталығында және Астанада Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында кемік майын транпланттанттау операциялары сәтті атқарылуда. Бауырды алмастырып салу операциялары еліміздің үш клиникасында жасалады: Астанада «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ, Алматыда «А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығы» АҚ және №7 қалалық клиникалық ауруханада. 2012 жылғы қыркүйек айында Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасында алғашқы рет бір туысқан донордан реципиентке бір кезеңде бүйрек және ұйқыбезді транпланттанттау операциясы өтті.
Трансплантация саласы қоғамның қатысуынсыз дамымайды. Қазір туыстық транплантацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Тиісінше, ішкі органдарын тез арада ауыстыруды қажет ететін ауыр науқас адамдардың өмірін туыстары құтқара алады. Ол үшін ниет білдірген кез-келген адам фенотипін анықтау үшін өзі туралы мәліметтер мен қан үлгісін Республикалық трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында сақтай алады. Фенотипі сәйкес келген жағдайда донор бола алады. Бірақ кез-келген адам нақтылы пациентке донор бола алмайды.
Науқастарды шетелдерге емдеуге жіберу барысында уақыт созылып кетеді. Сондықтан, донор болуға дайын туыстары болса, ондаған, жүздеген және мыңдаған адамның өмірін сақтап қала алады. Қазақстанда туысқандар өздерінің ауыр науқасқа дұшар болған жақындарына донор болып, оларға екінші өмір сыйлаған жарқын мысалдары бар.
Ағзаларды алмастыру бойынша жасалған операциялар Қазақстан Республикасының трансплантологиясының дамуына қомақты үлес қосуда. Ол отандық медицинаның әлемдегі бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау қызметтері қатарына кіруге мүмкіндік береді.