Алматыда «Травиата» операсының жаңа қойылымы таныстырылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында италиялық композитор Джузеппе Вердидің «Травиата» операсының жаңа қойылымы таныстырылды.
None
None

Осы шараға арналған баспасөз мәслихатына театр директоры Асқар Бөрібаев, қоюшы-режиссер Ләйлім Иманғазина, қоюшы-суретші Вячеслав Окунев, бас дирижер Нұрлан Жарасов және театр солистері қатысты.  

«Вердидің «Травиата» операсы бізде талай жылдан бері қойылып келе жатыр. Біз алдымызға әлемге белгілі классикалық спектакльдерді жаңғырту міндетін қойдық. Содан, сахнаны безендіру, киімдерді жаңарту жұмыстары қолға алынды. Спектакль жаңа тұрғыдан қойылады. Ал музыка жағына келер болсақ, кей жерлерінде авторлық мәтін мен хормен айтылатын жерлері қалпына келтірілді», - деді А. Бөрібаев.

Одан басқа, шығармашылық ұжым театр әлемінде болып жатқан  әлемдік құбылыстарға тоқталды.

«Қазір компьютер тілімен айтқанда бүкіл әлемде опера өнері «қайта жүктеліп жатыр» деуге болады. Мен Италияда болған кезімде жергілікті театр өкілдері «залға кіргенде тек шаштарын ақ шалған адамдардың ғана отыратынын» көретіндерін айтып, өкініш білдірді. Демек, батысты да өскелең ұрпақ операға онша қызықпайды деген сөз. Сондықтан, әлемнің классикалық театрларында қазір режиссура классикалық және эксперименталдық болып екіге бөлінген. Олар залға көрермендерді түкпілікті жаңа, тың идеялармен шақырғысы келеді. Соның арқасында залда көрермендер арасында жастар да көбейіп жатыр деуге болады. Бірақ біз «Травиата» операсында эксперимент жасауға барған жоқпыз. Жаңа қойылым деген бұл әр кез түбегейлі өзгерістермен көрерменнің жағасын ұстату деген сөз емес қой. Мен тек өз алдыма бұл тарихты қарапайым тілмен шынайы түрде түсіндіргім келді», - деді Л. Иманғазина.

Операның жаңа қойылымын дайындауға көп адам жұмылдырылған.

«Кез-келген қойылым - бұл үлкен ұжымдық жұмыс. Біз тиісті қаржы бөлгені үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне алғысымызды білдіреміз. Кез-келген қойылымда гримерлер, киім,  аяқ киім тігетін цехтар және басқа да цехтар жұмыс атқарады. Мысалы, бізде биыл жаңа 50 фрак тігілді. Ал біздің ұжымда 60 адам жұмыс істейді. Осы жаңа қойылымға керекті алғашқы нобайларды біз осы жылдың қаңтар айында алғанбыз. Дайындық жұмыстары сол айдан бері жүргізіліп келе жатыр», - деп сөзін қорытындылады театр директоры.

 

Соңғы жаңалықтар